top of page

САРҒАЙҒАН ДӘПТЕР

  • Оңаш Мәжитова
  • 6 мар. 2016 г.
  • 3 мин. чтения

Уакыттың жүйiрiгiн-ай...Кеше ғана шәкірт болып отырған біздің өзіміз ұстаздық еткенімізге 20 жылдан асыпты.Уақытты уысыңда ұстап тұра алмайсың.Құмдай сырғып, судай ағып кетіп жатыр. Уақыт өте келе өзің оқыған білім ордаң,онда дәріс берген ұстаздардың, көз алдыңда асқар таудай болып,биіктей береді екен. Біз оқыған ұрпақ бақытты!Неге десеңіз,біз Зейнолла Қабдолов,Тұрсынбек Кәкішев,Ханғали Сүйіншалиев, Сейділда Ордалиев,Мырзатай Серғалиев,Жанғара Дәдебаев,Бақытжан Майтанов,Хасан Кәрімов,Алма Қыраубаева,Талғат Сайранбаев,Дандай Ысқақов,Шәкір Ыбыраев т.б.бүгінде есімдері отандық ғылым-білімнің төрінен орын алған жандардан білім алу бақыты бұйырды.Мен үшін бұл үлкен мақтаныш! «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп біз осы кісілерден тұтатып алған білім-шырағын өз шәкірттерімізде жалғап келеміз.Мен Хасан Кәрімов ұстазым туралы естелік кітабы шығады, деп естігеннен-ақ, жазуға ниет білдіргенмін.Әрине,көп уақыт өтіп кетті.Есте жүрген естеліктер де ұмытыла бастаған шақ.Сонда да ұстазыма деген сағынышым мен құрметімді бір-екі ауыз жылы сөзіммен жеткізгім келді.Сол ниетім оңынан туды ма,менің есіме студенттік шақтағы дәріс дәптерлерімнің бірері «құпия сандығымда» жатқаны есіме түсті.Әлгі сандығымды ашып,ақтара бастадым.Сенесіз бе,мен Хасан ағамыздан,Жанғара ағамыздан,Дандай ағамыздан,Әжібай ағамыздан жазған дәріс дәптерлерiмді тауып алдым.Қалың дәптердің бір бос беті жоқ.Айы,күнімен жазылған.Қуанғаным сондай,Хасан ағаны қайта көргендей күй кештім.Ол кісі бізге«Қазақ әдеби тілінің тарихы»,«Қазақ диалектология сы»курстарынан дәріс оқып еді.Әлгі ескі, сарғайып кеткен дәптерді қолыма алып,ағаның бейнесін көз алдыма елестете бастадым.Дәптерді мұрныма жақындатып бір иіскеп те алдым.Сарғайған дәптерден менің жастық,студенттік шағымның исі аңқыды...Бұл 20 жылдан артык сандығымда жатқан дәптер,менің сол сұлу жылдарымның куәсі.Дәптерге қарап алаңсыз,бақытты шақтарым, кино лентасындай көз алдымнан жылжи берді. Хасан аға Атыраулық еді.Қалай бұрсаңыз да, бұл мен үшін ішті жылтатын жағдай еді.Мен Атырау облысының тумасымын.Бірақ кішкентайымнан Алматыда өскенмін.Туған жермен байланыс екі-бастан ешқашан үзілген емес.Осы жағы да менің ол кісіні жақсы көруіме бір себеп болды.Ал жақсы көруім,оның емтиханынан бес алуымның дәлелі болатын.Хасан аға қатал кісі еді.Оның дәрісіне келмеу түгілі,сабағы өтіп жатқанда, басы артық қозғалыс жасау да қорқынышты еді.Сөздің шыны керек,ол кісіде айқай-ұрыс,дауыс көтеру жоқ болатын.Ол көзімен-ақ сені тырп еткізбейтін. Әсіресе,оқымай келген студентке қараған көз қарасын әлі ұмытпаймын.Ол кісінің жанары тұңғиық,көздері ойлы болатын.Саған бір қараса,ұзақ қарайтын.«Алдымда тұрған кім?Болашағы бар ма?»-деген сияқты оймен қарайтын болуы керек.Жалпы,ұстаз сыйлау,алдын кесіп өтпеу,көрсең тұра қалып амандасу,денсаулығын сұрау,сабағынан қалмау –ол кездің бұлжымас тәртібі еді.Біз кафедраға бұлданып кіріп келу түгілі,есігінен сығалауға қорқатынбыз.Құрбыңнан қарауын өтінетінсің.Есік алдында ұзақ тұратынсың.Ұстаз мақтаса,сенен бақытты адам жоқ еді.Жақсы көретін ұстаздарымыздың дәрістерінде партаның алдын бермейтінбіз. Ұстаздың аузына қарап,одан шыққан әрбір сөзді санада сақтауға тырысатынбыз.Есіме,Хасан ағамен болған бір сәттер түсіп отыр.Бір күні курстың сабақ үлгерімі нашарлап кеткенін байқаған Хасан аға,түгел курсты бір дәрісханаға жинап,есігін жауып,өзі бізбен бірге отырды.«Лекцияны оқыңдар,дайындалыңдар, біртіндеп сұраймын!»-деді.Қырық-елу шақты студент отырмыз.Дәптер ашып,кітап ақтарып,дайындалып жатырмыз.Ол кісі темекіні көп тартатын.Дәрісхана көк түтін.Терезені ағай ашқызбайды. «Жел үреді»- деп.Біз әлгі көк түтінен тұншыға бастадық.Отырғанымызға үш сағаттай болып қалды.Кеш түсті.Терезенің ар жағы тас қараңғы.Мен үйге жетуді де ойлап қоямын.Қасымда отырған Нұрлан деген курстасым әзілқой еді.Сол маған: -Ағаң,бізді улап өлтірейін деді-ау,деймін.Сабағын оқымағанымыз үшін өш алып жатқан ғой,-деп бір жымиды. -Иә,тірі қалсам,енді оқимын деп ант беріп отырған шығарсың- дедім мен күліп.Екеуміздің дауысымызды естіп қалған Хасан ағай: -Әй,сен жігіт,кел бері.Дайынсың-ау деймін,а?Сенен кейін Мәжитова келеді,-деп маған қарады.Мен көзімді төмен түсіре қойдым.Өйткені, ол кісіге тура қарауға жасқанатынмын. Мысы басатын.Ал,курстасым:«Біттім,қош болыңдар!»-деп орнынан тұрғаны есімде.Мен басқа ойды ұмытып,жалма-жан дәптерге үңілдім.Диплом қорғар тұста,мен Б.Майтанов ағамыздың жетекшілігімен қорғадым.Хасан ағаның комиссия төрағасы болып,сырттан келген Ә.Нарымбетов ағамызға мен туралы жақсы пір айтқаны есімде қалыпты.Толқын шашты,сұлу жүзді,үнемі костюм киіп,галстук тағып жүретін еді, Хасан аға... Амандассаң,тек басын изейтін.Соған бала көңіл,мәз болатынбыз. «Ұстаз өмірден озды»-деген сөз дәріс берген ұстаздарым туралы айтылғанда,жүрегім сыздап қоя береді.Құдды ең жақын жаның кеткендей...Зейнолла аға,Бақытжан аға,Сапархан аға,Тұрсынбек аға,Талғат аға ...Өйткені, олармен өз өміріңнің бір шағы өтті,әкеңдей,анаңдай болды.Сенің азамат болуыңа үлестерін қосты.Олар біліммен қоса,өміріңді адал сүруді,алған кәсібіңнің абыройын биік ұстауды үйреткен екен.Бүгінде өзіміз сол ұлағатты ұстарымыздың салған сара жолымен,даңғыл жолымен болашақ ұрпақты тәрбиелеп келеміз.Ұстаз- өзі кетсе де,мәңгі ай мен күндей жарығы мен шуағын шашып,адамзат санасына тек мейірім мен білімін құймақ!Атам айтатын еді,ол кісінің есім де Кәрім болатын. «Ұстаз отырған жердің айналасы жарық болады.Ол қолына білім шамын ұстап отырады.»-дейтін еді.Иә,Ұстаз -қараңғы санаға сәуле құяр жан. Естелігімді аятай келе,Хасан ағамыздың отбасына,аяулы жарына,ұрпағына тек баянды ғұмыр тілеймін! Ағамыздың жатқан жері жұмақ болғай!Ол кісіні ұмыту- ұстаз деген ұлы ұғымды ұмытумен тең болар.. .(Ағайдың 85 жылдығына орай шығатын кітабына жазылған мақала.


Comentários


© 2023 by The Mountain Man. Proudly created with Wi

bottom of page