Менің 10-11 жасым-ау, шамасы... Жазғы каникулда ата-анам бізді ауылға жібереді. Біз жаз бойы ауылда боламыз. Бір күні алаңсыз ойында жүрген мені әкемнің қарындасы келіп көрші ауылға үйіне бала бақтыруға алып кетті. Оның бірге толмаған баласы бар еді. Өзі жұмыста. Мен күні бойы бала бағам. Көрші үйде 12 баласы бар отбасы тұратын. Көбі қыздар еді.Апам үйінің айналасында шарбақ жоқ болатын көше еді. Есіктің алдында сәкі болатын. Әлгі сәкіге көрші үйдің қыздарымен түнде ұйықтайтынбыз. Сондай бір түнді өткізіп, таң ата ұйқыдан көзімді ашсам...ашсам сенбейсіздер ғой, бетімді түйе искеп тұр екен. ооо, сол кездегі менің айқайымнан ауыл оянған болар. Әтеш емес мен таңмен ояттым оларды. Ал, түйе байғұс анандай айқайдан кейін үркіп, тапырақтап алып қаша жөнелді....Кейін түйеден ұзаққа дейін қорқып жүрдім. Ал апамның қорыққаны сондай, ертеңіне атам үйіне әкеліп тастады. Мен атама бар мұңымды шақтым: баласының жылауық екенін, тышқақ болғанын, үйге кетем десем, бар жолда қасқыр жеп қояды деп қорқытканын, түйе жеп қоя жаздағанын айтып бәйек болдым. Атам менің бар арызымды тыңдап алып: "Қап, бәлем, сол қыз көзіме көрінсін, залым" деп таяғын шошайтқанға мен мәз-мейрам болып қуанғаным бар. Қайран, ата...Бір көрер ме еді...Сағындым...
Comentarios